Ғылыми зерттеу
жұмысының өзектілігі.
Қаныш Имантайұлы –
ХХ ғасырдағы ұлылардың бірі ғана емес бірегейі. Мұндай ғұлама адамдар өмірге
жүз жылда, тіпті мың жылда бір келуі мүмкін. Бұл кісіні осы заманғы қазақ
ғылымының атасы десек қателеспейміз. Ол тек қазақ геологтарының көшбасшысы ғана
емес, кеңестік жүйедегі ең атақты оқымыстылардың қатарында тұрды. Шығыс Республикаларынан
шыққан тұңғыш академик болды.
Ғұлама ғалым Қаныш
Сәтбаевтің ғылымға қосқан жаңалығы қомақты да, жан-жақты. Тек геология
саласында ғана емес, әдебиет, тарих, археология, топология, өнертену салаларына
да қосқан үлесі орасан.
« Халқым- менен
де биік!» деп ұлтының мәртебесін аспандатқан. Өзінен келесіге із қалдырып,
қаншама шәкірт тәрбиелеген.Ұлы ғалымның ғибратты өмірін, ғылымдағы жолын өзімізге үлгі тұтатын, ұрпақ тәрбиесіне қосатын мол мұрасының, ірі тұлғаның жан-жақтылығы мен келер ұрпаққа ой
салатын патриоттық сезімі, іскерлігі, өмірі нағыз үлгі болары анық. Сондықтан
да бұл ғылыми жұмыс Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің өміріне, оның ғылыми
жетістіктеріне арналады.
Мақсаты мен
міндеттері.
Қазақтың бір
туар азаматы, дарынды ғалым Қаныш Сәтбаев өмірімен таныстыру. Өз отаны мен
халқы үшін атқарған жұмыстары мен іс әрекеттері, қызметінің маңызын ашу. Өз
елінің нағыз патриоты екенін көрсету. Ол кісінің алуан қырлылығын Абай айтқандай – « Адам баласы адам баласынан
ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерден озады»- дегендей төрт құбыласының
түгел болғандығын. Ұрпақ қамы үшін жан-жақты жұмыс жасағанын көрсету.
Бұл тақырыпты
алудағы басты мақсатым .
Ғұлама ғалымның
ұйымдастыру қабілетінің молдығын, қоғамдағы алатын орны, яғни қайраткерлігі,
халықтың мәдениетінен, әдебиетінен
барлық рухани дүниелерінен жан-жақты хабардарлығын көрсету.
Бұл екінің бірінің қолынан келмейтін іс екендігін. Басын оққа байлап
Кенесарыны қорғағаны. Мұхтар Әуезовтің « Абай жолы» роман-эпопеясы туралы
айтқан байламы. Қуғын көрсе де мойымағандығы, қол қусырып, ақыл айтып отырудан
аулақ болып өз ісімен өнеге көрсеткен,
күнделікті емес өмірлікті, бүгіндікті емес келешекті ойлаған, көрегендік
танытқан Қаныш атаның өмірін өнеге, үлгі екенін осы жұмыс арқылы көрсету.
Тарихнамасы.
Ғалымның
өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, зерттеу жұмыстары,ол кісі туралы жазылған кітаптар мен мақалалар арқылы
Қаныш Сәтбаевтың ғалым ғана емес,
отанын сүйген патриот, жан-жақты ұлы тарихи тұлға екендігі көрсетіледі.
Ғылыми жұмысының
құрылымы.
Жоспар және кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және
пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
«Өткендерін
ескерген-өскендіктің белгісі,
өткендерін
ұмытқан-өшкендіктің белгісі»
-деген халық даналығы.
Кіріспе
Сәтбаев Қаныш Имантайұлы (1899-1964) – аса көрнекті қазақ
геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның
тұнғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения
мектебінің негізін қалаушы Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған.
Қаныштың жерлесі әрі досы Әлкей Хақанұлының мәліметтері бойынша, революциядан
(1917ж.) бұрынғы қыр қазақтары арасында Сәтбаевтардан көп оқыған ауыл болған
емес. "Қаныштың әкесі Имантай - ақылды, момын, терең ойлайтын, әр нәрсені
ақылмен, сабырмен шешетін кісі болатын..." "Ұяда не көрсең, ұшқанда
соны ілерсің" демекші, табиғатынан зерек Қаныш 1909-1911 жылдары өзінің
туған ауылындағы орыс - қазақ мектебінде оқып,1911-1914 жылдар аралығында
Павлодардың 2-сыныпты орыс-қазақ училищесінде, одан кейінгі төрт жыл Семейдің
мұғалімдер семинариясында жүйелі түрде білім алған. 1918 жылы Семей қаласындағы
оқытушылар семинариясын бітіріп. Одан кейінгі бірер жыл Семей қаласында, өз
ауылында мұғалімдік қызмет атқарып, 1920-1921 жылдары Баянауыл ауданындағы
10-шы учаскесінің халық соты болды. 1921 жылы жазда Қаныш Имантайұлы Баянауылға
емделуге келген сол кездегі Сібір өңірінің ірі, мәдени орталығы Томск қаласының
технология институтының профессоры (кейін академик болған) Михаил Антонович
Усовпен танысады. Қанышқа М.А.Усов Қазақстанның геологиясы мен тау-кен
байлықтары туралы көптеген қызықты әңгімелер айтып,оның геология ғылымына деген
қызығушылығын туғызады.
Өзі өмірден озғанша ұстаз санаған профессор М.А.Усовтың
ықпалымен 1921 жылы Қаныш Имантайұлы Томск технология институтының кен
факультетінің геологиялық барлау бөліміне оқуға түседі. Қаныш Имантайұлы
студент болған жылдарда профессор М.А.Усов басқарған палеонтология және тарихи
геология кафедрасының оқытушысы болған В.А.Хохлов (кейін ғылым докторы,
профессор) "Студент Қаныш" атты естелігінде былай деп жазды:
"Бұл өзі оқуға жан-тәнімен берілген студент болатын. Жалпы геология
жөніндегі сабақтарда ол М.А.Усовтың тамаша лекцияларын құмарта тыңдады...
Екінші курстан кейін ол М.А.Усовтың дала жұмыстарына қатысты..."
Институтты бітіргеннен кейін Қ.И..Сәтбаев өзінің туған еліне оралып, өмірінің
басым көпшілігін оның геологиясын зерттеуге және туған өлкесінің минералдық
шикізат негізін жасауға арнап, барлау, ғылыми ізденіcтерінің нәтижесін
өндіріске енгізуге, республикамызда индустрия алыптарын салуға зор үлес қосты.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері кентасты кендер геологиясы мен Қазақстанның
минералды ресурстарына арналған.
Қазақ
даласын зерттеуші Н.Рычков «Жезқазған-Ұлытау аймағында жылан көп және көптеген мыс қорлары бар екен.
Жергілікті қазақтар бұл жерде алтын мен күміс те бар деп бөседі»- деп кекесінмен жазған. Ал,
ағылшын кәсіпкерлері бұл жердегі мыс қоры көп болса он жылға ғана жетеді деп
тұжырымдаған. Осындай сенімсіз пікір-болжамға қарсы болған Қ.Сәтбаев нақты
барлау деректеріне сүйене отырып бұл өңірдің қойнауында қыруар мол мыс
жатқанын, оны алу аса қымбатқа түспейтінін, мұндағы мыстың жоғары сапалы
екенін, оның ертең өте қажет болатынын дәлелдеп, талай рет жариялаған. Сол 1935
жылы ол ертең ана Енисейде, Ангара мен Ертісте әлемдік мәні бар
су электр стансалары салынады, соларға осы Жезқазғанның мысы қажет болады деп
жазған. Ғұлама ғалым сонау отызыншы
жылдардың өзінде Жезқазғанды Америкамен салыстырған. «Жезқазғандай ірі зауыт
әлемде жоқ. Американың ең үлкен мыс зауыттары жылына 125 мың тонна мыс береді.
Қазіргі салынып жатқан Балқаш Мыс зауыты жылына 100 мың тонна мыс бермек. Ал,
Ұлы Жезқазған комбинаты Балқаштан өндіріс жүзінде екі есе артық»-деп жазған
еді. Сөйтіп қазынаға бай өңірді Үлкен
Жезқазған деп жердің абыройын асқақтатты, мәртебесін көтерді.
«Білім және еңбек» журналының 1960 жылғы 3
санында жарияланған мақаласында жастарға арнап, яғни болашаққа қарап,оларды
білім-ғылым жолына шақырып : «Біздің республикамыздың геологиялық картасында
Менделеев таблицасындағы барлық элементтерді
кездестіруге болады. Міне, осы қазынаны игеруге Қазақстанға жалынды
жастар келіп жатыр. Сол жас
жұмысшылардың, жас құрылысшылардың ішінен алдымен республикамыздың ұл-қыздарын,
қазақ жастарын көбірек көрсек дейміз»-
деп жазған.
Сонау 1926 жылы
Қарсақпайға алғаш келгенде жас маман өзінің жеке басының болашағы, отбасының
қамы емес, Сол Ұлытау-Жезқазған аймағының, Бүкіл Қазақстанның болашағын
ойлаған, болжаған еді. Жезқазған
кенін зерттеу және Орталық Қазақстанның (Сарыарқаның) металлогендік және болжам
картасын жасауда көп еңбек сіңірген. Ол ғылымға формациялық металлогендік
анализдің кешендік әдісін енгізген. 1926-1929 жылдары кені мардымсыз өңір болып
саналған Жезқазғанды ірі мыс кентасты аудан қатарына көтеруде Сәтбаевтың еңбегі
өте зор болды. Бұрынғы геологиялық деректерге терең талдау жасап, бұл кен ауданының
кең көлемдегі геологиялық-барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі нысан
екенін дәлелдеген. Минералдық шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай және басқа
да аймақтарды ерекше назар аударып зерттеген. 1927-1928 жылдары – Жезқазған,
Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды тас көмір алабы және Қаратау
полиметалл кендері жөнінде ғылыми маңызды еңбектер жариялаған. 1929 жылы Атасу
темір-марганец кендерін игерудің негізінде Қарағанды облысында қара металлургия
өнеркәсібін дамыту туралы мәселе көтерген. Жезқазған – Ұлытау ауданында мыстан
басқа темір, марганец, көмір, қорғасын кендерін ашып, барлау нәтижесінде
маңызды геологиялық қорытындылар жасаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында танк
бронын құюға қажет марганец тапшылығы туған кезде Сәтбаевтың жетекшілік етуімен
өте қысқа мерзімде Жезді марганец кені барланып, іске қосылған.
Академиктің
қолдауымен Алматыда Орта Азия геофизика тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР
Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылған. Қазақстан Ғылым
академиясын ұйымдастырып, ондағы бөлімдерді, оған қарайтын институттарды,
зертханаларды, секторларды, базаларды дұрыс жоспарлаған. Ғылыми кадрлар
дайындау ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Ғылыми зерттеулердің өзекті
мәселелерін халық шаруашылығының мүддесіне бағыттап, шаруашылық және мәдени
құрылыстың басты мәселелерін шешуге белсене қатысқан. Жезқазған кен-металлургия
комбинатын, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды
арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтау
жөнінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, республикамыздың ірі минералдық шикізат
қорларын – Кенді Алтайды, Қаратау фосфоритін Қостанай мен Жезқазған – Ұлытау
өңірлеріндегі темір, марганец, т.б. көптеген кен орындарын игеру Сәтбаев
есімімен тығыз байланысты.
Бүкіл геологиялық өмірінің мәйегі болған Жезқазғанның
үлкен болашағы үшін өмірінің соңына дейін күресті. Өмірінің соңғы күндері де
осы өлке туралы жазыпты. Қайда, қашан болмасын ол ойынан бір сәтте Жезқазғанды
шығарған жоқ. Сондықтан да ол кісіні қайтадан Қазақстанға жетелеген ұлы
ғалымның Жезқазғанға деген махаббаты болса керек. Кейін тағы да Қазақстан Ғылым
академиясының президенті болғаннан кейін 1961 жылы Жезқазғанда академияның көшпелі сессиясын ұйымдастырып, өлкенің
проблемалары мен болашағы туралы айтқан мәселелер әлі өзекті.
1947 жылы
Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына
Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз
сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О,
жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де
биік» деп жауап беріпті. Осы бірауыз сөзден ғалымның дене бітімі ғана емес,
жан-дүниесінің, халқын сүйген жүрегінің де ірі екенін байқауға болады.
Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет
саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ана сүтімен келген өнері де аз
емес. Керекуде мектепте оқып жүргенде
домбыра, мандолин, скрипкада ойнап үйренсе,Семейдің семинариясында ол
сол өнерді ширатып, құштарлығын жетілдіре түскен.Сахнада тақпақ оқып, лирикалық
өлеңдер де жазған.1920-1921 жылдары Баянауыл ауданында жүріп М.Әуезовтің
«Еңілік-Кебек пьесасын, ән-сауық кешін өткізген. Ш.Уәлиханов жазып алған
«Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар
сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан
дайындаған. Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап,
«Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Қазақ
орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра»
оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен
күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып
есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп
енгізген.Тек геология саласында ғана
емес, әдебиет,тарих, археология,топология, өнертану салаларында қосқан үлесі
орасан.Соның бір дәлелі 20-жылдары Томск университетін бітіріп келген жас ғалым
орталық Қазақстанның кен қорларын зерттеп , Ұлытаудағы археологиялық мұраларды
да жинастырады. Тастағы көне таңбалардың сырын ашып, Алашахан,Жошы кесенелерін
тарихи мұра ретінде қорғау қажеттігін мемлекет алдына міндет етіп қойды. Едіге
тауының басындағы батырдың ел аузында аты аңызға айналған бейітіне көтеріледі.
Кейін қастандықпен қиратылған Ерденнің Сарықкенгірдегі кешенін,Домбауыл қорымын
құнды археологиялық мұралар деп қарайды.
Тау ішіндегі Ақсақ Темір сарбаздарына қару жасап, болат
балқытқан орнынды табады. Соның орны әлі күнге дейін сақталған. Дәл осы жерден
бетіне араб әрпімен жазылған белгісі бар қара тасты кездестіреді. Бұл жәдігерде
Әмір Темірдің 1392 жылы Тоқтамысқа қарсы жорығы кезінде Ұлытауға келіп
тоқтағаны айтылады. Қ.Сәтбаевтың
“Таңдамалы еңбектерінің” бесінші томында жоғарыда аталған керемет тарихи қазына
туралы былай деп жазылған: “По свидетельству Язди, Тимур “взошел на вершину
Улутауских гор и долго наслаждался видом окружающей степи, которая была покрыта
прекрасной зеленью от одного конца до другого”. Тимур здесь провел целый день и
“приказал войскам принести камни и соорудил здесь большую пирамиду, на которой
искусные мастера высекли дату этого счастливого события, чтобы этот долговечный
памятник мог сохранить память о нем на долгие годы...” Таким образом, была доказана
историческая достоверность эпизода, описанного Язди, а также установлены
возраст и история сооружения пирамиды и надписи на вершине горы Алтынчоку...”
Осы
жолдарды оқи отырып, біз ғұлама ғалымның қаламгерлік қасиетіне тәнті боламыз.
Оның бойынан сондай-ақ туа біткен асыл қасиеттерді көреміз. Көрсем, білсем,
тапсам деген жалықпаушылығы, еңбекқорлығы атаның қанымен, ананың сүтімен
дарыған қасиеті екеніне, міне, осынау дүйім жұртты дүр сілкіндірген аса мәнді
тарихи ескерткішті тапқан сәттегі оның қуанышы арқылы куә боламыз. Бұл оқиға
1935 жылы болған еді.
Қаныш Сәтбаев қара тасты тапқан кезде Қазақстан
қалаларында тарихи мұражайлар болмағандықтан,өгіз жеккен арбаға артып,оны
Қызылордадағы теміржол бекетіне әкеліп,1927 жылы поезбен Ленинград қаласына жөнелтеді.
Қаныш Сәтбаев мұны Ресейдегі құнды мұралар жинақталған Эрмитажға жолдайды. Бұл
тас 1935 жылы Түркістаннан алдырылған тайқазанмен бірге Эрмитаждың арнаулы бір
бөлмесіне қойылған.
Қаныш атаның алуан қырлылығын 1919 жылы бастап
1924 жылы аяқтаған алгебра оқулығынан да
көруге болады. Бұл кітапты қазақ оқушыларына мейлінше түсінікті болу жағы
ескеріліп, көңілге қонымды ана тіліміздегі математика терминдері баламаларымен
ұсынған. Онда қазіргі қолданып жүрген терминдерде аз емес. Оның өзі сол терминдердің
негізгі авторы Қ.Сәтбаев екеніне күмән келтірмейді.Оқулық мазмұны жағынан қазақ
өмірі, мәдениеті және тұрмысымен сабақтас. Сонымен қатар, автор оқу материалын
қазақ баласының танымдық ой өрісін кеңейтуге себін тигізетін материалдарды
молынан пайдаланған, яғни кітаптың білімділік, тәрбиелік және дамытушылық
сипаты басым.Автордың сөзімен айтқанда:
«Бұл кітап мектептегі шәкірттерге оқу құралы болумен қатар, оқытушыларға да
пәндік негіз болуына керек деген оймен . . .» жазылған. Демек мұғалімдердің теориялық және
әдістемелік дайындығын көтеруге де пайдасы зор. Оқулық алгебраның
бастауыш ұғымдарынан бастап, оның жүйелі мұрасының, яғни мектеп
бағдарламасындағы алгебралық материалдың түбегейлі дерлік мәселелерін қамтиды.
Көптеген материалдар ( мәселен теңдеулерді және олардың жүйелерін зерттеу)
түсінікті тілмен тереңірек баяндалған. Тіптен оқулыққа жоғары оқу орындарында
қарастырылатын кейбір материалдар да ( мысалы комбинаторика элементтері, жоғары
дәрежелі теңдеулер, комплекс сандар, үздіксіз бөлшектер ) енгізілген.
Ол туралы өзі: «Бұл кітап бой сергіп, өнер тасып, қол
қышып отырған кезде жазылған жоқ. Бір жағы оқу жолымен шұғылданып, екінші
жағынан соңғы замандағы шәкірт тұрмысының түрлі қиыншылықтары мен дамылсыз
алысып жүргендегі кұрес үстінде жазылып отыр»-дейді.
Бұл ұрпақ қамы үшін ғасыр басындағы алыптарымыз қандай
жан-жақты жұмыс жасаған. Бұл екінің бірінің қолынан келмейтін іс .
Қазақстан
ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды. Ол-геология ғылымына
қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан
комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі, бірнеше мәрте КСРО
және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, СОКП съездерінің делегаты, КСРО
Министлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі
комитеттің президиумының мүшесі. Ол төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрижелі
Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың
иегері болған.
Қаныш Сәтбаев атамыздың өмірі мен қызметінің негізгі қезеңдерін
атап кетсек:
1899 ж. 12 сәуір күні-Осы күнгі Павлодар облысы. Баянауыл
ауданында туған.
1909-1911 –ауылдық орыс-қазақ мектебінің оқушысы.
1911-1914 – Павлодар қаласындағы 2-кластық училищенің
шәкірті.
1914-1918 – Семейдегі оқытушылар семинариясының студенті.
1918-1919 – Семейдегі мұғалімдер курсының оқытушысы.
1920-1921 – Баянауыл ауданы, 10-учаскенің халық соты.
1921-1926–Сібір технология (Томск) институтының кен
факультетінің студенті.
1926 – Атбасцветмет тресі және Қарсақбай мыс қорыту
комбинатының геологиялық барлау қызметінің жетекшісі.
1940- Жезқазған- Ұлытау аймағының кен байлығын іздеу
жолындағы үздік еңбегі үшін Ленин
орденімен марапатталды.
1941-1964- Қазақ ССР Ғылым академиясының геологиялық
ғылымдар институтының директоры.
1942- Бүкілодақтық
аттестация коммисиясының шешімі бойынша, геология-минерология
ғылымдарының докторы атағы берілді. «Жезқазған ауданындағы кен орындары» үшін
ССР мемлекеттік сыйлығы берілді.
1943- ССР Ғылым академиясына корреспондет- мүше болып
сайланады.
1944- ВКП(б) мүшелігіне қабылданады.
1946- Қазақ ССР Ғылым академиясына академик және
президент болып сайланады.СССР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды.
1947-Қазақ ССР Жоғарғы советіне депутат болып сайланады.
ССР парламент делегациясы құрамында Англияда болды.
1947-1964 СССР министрлер Советінің Лениндік және
Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің президиум мүшесі.
1949- Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің мүшесі.
1950-«Геология профессоры»атағы беріледі.СССР жоғарғы советінің депутаты.
1955-1964 Қазақ ССР ғылым академиясының
президенті.КПСС-тің ХХ сьезінің делегаты.
1957-1964 – Совет одағы геологтары Ұлттық комитеті бюросы
председателінің орынбасары.
1961-1964 ССР ғылым академиясы президиумының және
геология – география бөлімшесінің бюро мүшесі.
1963- Геология ғылымын дамытып, Қазақстанда қазба
байлықтарын зерттеудегі үздік еңбектері үшін төртінші рет Ленин орденімен
марапатталды.
1964 жылы 31
қаңтар күні Москвада Кремль ауруханасында Қаныш Сәтбаев қайтыс болды.
Халқымыздың рухани өміріндегі ерекше ұлы тұлға
Қ.И.Сәтбаевтың есімі халқының жанында мәңгі сақталмақ.
Қазақстанның
қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп
және көптеген ғалымның ескерткіштері бар. Оның есімі Қазақстан Ғылым
академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға,
еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне
берілген. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен
шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик
Сәтбаев» гладиолус гүлі аталған.
Қорытынды.
Қаныш Имантайұлы-ХХ ғасырдағы ұлылардың бірі ғана емес
бірегейі. Мұндай ғұлама адамдар өмірге жүз жылда, тіпті мың жылда бір келуі
мұмкін.Бұл кісіні осы заманғы қазақ ғылымының атасы десек қателеспейміз.Ол тек
қазақ геологтарының көшбастаушысы ғана емес, кеңестік жүйедегі ең атақты
оқымыстылардын қатарында тұрды. Шығыс республикаларынан шыққан тұңғыш академик
болды.
Қаныш Имантайұлы
Сәтбаев сан қырлы талантын, ақыл ой парасатын туған халқының мерейін үстем
етуге жұмсады. Оның өнегелі өмір жолы баршамызға үлгі. Белгілі қоғам қайраткері
І.Омаровтың сөзімен айтсақ, "Қаныш қазақ топырағында туып, халқының сүтін
ішіп, ер жетті де, сол халқының даңқын бүкіл әлемге көтерді. Өзі де сол
шеңберде қалып қойған жоқ, дүние жүзіне белгілі болды."
Ғалымның асқан кішіпейілдігін, еңбекқорлығын,уақытша
сәтсіздікке мойымайтын күрескерлігін, әр нәрсенің сырын білмекке құштарлығын,
ғылымға ынтықтығын, өзін ренжіткен
жандарға кешірімді болумен қатар, танымайтын кісілерге де қайырымдылығын атай
отырып, шексіз отан сүйгіштігін,үлкен интернационалист болумен бірге туған
халқын жан-тәнімен н сүйіп өзі өмір сүрген заманның, түрлі қыспақ-құқайына
қарамастан нағыз ұлтжанды азамат болмысын бойында сақтап қалғандығын, ғибратты
өмірін жете біліп,үйрену-тәуелсіз еліміздің кәдесіне жаратар өнеге болуы тиіс деп есептей отырып өз сөзімді »Өткендерін
ескерген-өскендіктің белгісі, өткендерін ұмытқан-өшкендіктің белгісі»-деген
халық даналығымен аяқтағым келеді.
Қолданылған
әдебиеттер тізімі.
1.
Қазақстан ұлттық
энциклопедиясы, 7 том.
2.
Нұрперзент Домбай. Жезқазғанды
жан жүрегіне балаған. Егемен Қазақстан 1999 жыл
3.
Тұрсынбек Кәкішев. Қазақты
көргің келсе. Егемен Қазақстан 1999.
4.
Камал Смайылов. Болашақты
болжаған, білген... Егемен Қазақстан
5.
Өмірсейіт
Шәріптегі. Қаныш тапқан қара тас. Егемен Қазақстан 1999 .
6.
Т.Оспанов. Асыл аға
жазған» Алгебра» Егемен Қазақстан 1999 жыл.
7.
Медеу Сәрсеке. Ғасыр
перзенті. Егемен Қазақстан 1999 жыл.
8.
Сүлеймен Мәмет. Ұлылар
алысты болжаған. Егемен Қазақстан 1999 жыл
Ақмола облысы Ерейментайу ауданы
Жаңажол негізгі мектебі
Жәрдембек Абдулрамазан 9-сынып
Ғасыр перзенті.
Жетекші: Бидал Анар
Исаханқызы
Ерейментау 2011
Ақмола облысы
Ерейментау ауданы Жаңажол орта
мектебі
Бағыты:
Гуманитарлық бағыт
Секциясы:
Ұлы адамдар
Орындаған:
9-сынып
оқушысы
Жәрдембек Абдулрамазан
«Ғасыр перзенті»
Жетекшісі:
Тарих пәнінің мұғалімі
Бидал А.И.
2011-2012 оқу жылы
«Ғасыр перзенті» тақырыбына жазылған
Жаңажол орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жәрдембек Абдулрамазанның ғылыми жұмысының
АННОТАЦИЯСЫ:
Зерттеудің мақсаты:
Қазақтың бір туар азаматы,дарынды ғалым Қаныш Сәтбаев өмірімен
таныстыру. Өз отаны мен халқы үшін атқарған жұмыстары мен іс әрекеттері,
қызметінің маңызын ашу. Өз елінің нағыз патриоты екенін көрсету. Ол кісінің
алуан қырлылығын Абай айтқандай – « Адам
баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерден озады»- дегендей
төрт құбылысының түгел болғандығын. Ұрпақ қамы үшін жан-жақты жұмыс жасағанын
көрсету.
Зерттеу
жұмысының ғылыми болжамы:
Қазақстанның біртуар азаматы Қаныш
Имантайұлы Сәтбаевтың жан-жақтылығын, отан сүйгіштігін, ғылымға терең бойлау
себебін өз еліне барынша адал қызмет
көрсетіп өз үлесін қосқандығын ,қоғам өміріндегі ролін көрсетеді.
Зерттеу
кезеңі:
Қаныш Сәтпаевтың тек ғылымға ғана емес әдебиет, тарих,білім, өнерге қосқан
үлесін айқындау.Жас ұрпақты тәрбиелеуге осы тұлғаның өмірін өнеге ету ерекшелігін
анықтау.
Жұмыстың
нәтижесі мен қорытындысы:
Қазақ
халқының ұлы перзентінің жас ұрпақ тәрбиесінде алар орнын көрсету.
Жаңажол орта
мектебінің
9-сынып
оқушысы Жәрдембек Абдулрамазанның
«Ғасыр
перзенті»деген
тақырыпта
жазылған ғылыми жұмысына
Пікір
Аталған жұмыста Қаныш Имантайұлының өмірбаяны
мен қызметтері,қазақ халқының болашығы үшін қосқан үлесі айқындалып,
жан-жақтылығы көрсетілген.
Жұмысының
жетістігі деп, Қаныш Сатпаевтың ғылыми
жетістіктерін, алған атақтарын сондай ақ ,ғалымның өнерлілігін. Ғұлама ғалымның ұйымдастыру қабілетінің молдығын,
қоғамдағы алатын орны, яғни қайраткерлігі, халықтың мәдениетінен,
әдебиетінен барлық рухани дүниелерінен
жан-жақты хабардарлығын, білімділігін өз
жұмысының барысында әр түрлі мысалдар, ұзінділер, өмірден алынған фактілер арқылы дәлелдейді.
«Ғасыр перзенті» тақырыбында жазылған
шығармашылық жұмысты «жақсы» деп бағалауға болады.
Жаңажол
негізгі мектебінің
Тарихі пәні
мұғалімі
Бидал А.И.